Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді елорда әуежайынан қарсы алды. Мәртебелі қонақты күтіп алу үшін әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеді. Қазақстан мен Ресей халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті және Владимир Путин бастаған Ресей делегациясына ілтипат білдіріп, өлең оқыды. Ал, кәсіби суретші Әсел Сабыржанқызы Владимир Путин Астанаға ұшқан сәтте сала бастаған картинасын мемлекет басшыларына таныстырды. Картина Ресей Президентіне сапар соңында сыйға тартылады.

