Елорда иіссу шығарылады. Нұр-Сұлтандағы индустриялық парк аумағында құрылысы басталған зауыттың инвесторы – Әзербайжан мемлекеті. Арнайы экономикалық аймақта жыл соңына дейін 10-ға жуық жаңа өндіріс ашылады. Бұл шығарылатын өнім желісін айтарлықтай кеңейтетінін атап өткен жөн. Ал алдағы 3 жылда 30-ға жуық жаңа кәсіпорын пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бақытжан Досқазиев, «Астана-Технополис» АЭА басқарма төрағасы:
- Біздің арнайы экономикалық аймақта 52 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда бірқатар ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Нұр-Сұлтанда өңдеу өнеркәсібін 5 жылда 1,5 есеге арттыруға арналған тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз етеді. Өткен жылы біз бірнеше ірі жобаны іске қостық. Бұл – модульдік-блоктық өндіріс, пластикалық құбырлар зауыттары мен мұнара крандарының өндірісі.
Индустриялық паркте өндірілетін өнім әр алуан. Мұнда локомотив, лифт, құрылыс материалдары, мұнара крандар, жиһаз, тоқыма және минералды тыңайтқыштар шығарылады. Бұл – біз сөз етіп отырған өнімнің аз ғана бөлігі. Өнеркәсіптік жобаларға салынған инвестициялардың жалпы құны шамамен 180 млрд теңгені құрайды.
Бақытжан Досқазиев, «Астана-Технополис» АЭА басқарма төрағасы:
- Біздің индустриялық парк аумағында түрлі елдердің инвесторлары жұмыс істейді. Франция, Америка, Ресей, Түркия сынды мемлекеттерден инвесторлар бар. Жақында ғана Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен түрік инвесторы тартылды. Бұл зауытта өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін тыныс алу маскалары шығарылады.
Мұнда шығарылатын өнімдердің едәуір бөлігі шетелдік нарыққа жіберіледі. Елордалық өнім Ресей, Молдова, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанда үлкен сұранысқа ие. Мәселен, өткен жылы жергілікті тауарлар экспортының көлемі 28 млрд теңгені құрады. Биыл бұл көрсеткіш бірден 30% артпақ.
Авторы: Ақзер Сегізбай