Конституциялық комиссияның алтыншы отырысында Қазақстаннның жаңа Ата заңының алғашқы жобасы таныстырылды. Ол преамбуладан,
11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні
мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты. Оны
дайындау кезінде соңғы 6 ай бойы азаматтардан келіп түскен ұсыныстар, комиссия
мүшелерінің жоба бойынша айтылған ескертулер мен ұсынымдар ескерілді. Мемлекеттік
кеңесші Ерлан Қарин Ата заңның жаңартылған нұсқасындағы негізгі қағидаттарды атады.
Ол Кіріспеде алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты
басымдығы, ал бірлік пен келісім - қазақстандық мемлекеттіліктің негізі болып
айқындалғанын алға тартты. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында еңбек, білім
және прогресс құндылықтары бекітіліп, экология және мәдени мұраны сақтауға
көңіл бөлінетіні атап өтілді. Сөз соңында Мемлекеттік кеңесші Конституцияның
өзгеріске ұшыраған жекелеген баптарының мән-маңызына тоқталды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық Комиссия төрағасының
орынбасары:
- 1-бөлімі 3-бабы енді былай деп жазылған: «Қазақстан Республикасы
қызметінің негізгі қағидаттары Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам
құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз
ету, жалпы ұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі
жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру, қоғамдық диалогты дамыту, еңбек,
прогресс, білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру,
тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау. Байқап отырғанымыздай
баптың ауқымы мен аясы айтарлықтай кеңейді.

