Қазақстанда Пржевальский жылқысының тұқымын көбейту жұмыстары ширап келеді. Келесі айда елімізге тағы жеті керқұлан әкелінеді. Жануарларды Чехия мен Венгрия елдерінен алып, Қостанай қаласындағы «Алтын дала» табиғи резерватына жерсіндіру жоспарланып отыр. Айта кетейік, халықаралық жоба шеңберінде бір жыл бұрын әкелінген Пржевальский жылқыларының алғашқы партиясы да осы қорыққа орналастырылған. Қазір жергілікті климатқа бейімделіп үлгерді. Мамыр айының соңына қарай жабайы жылқыларды қорғалатын аймақтан шығарып, Қазақстан даласына еркін жіберу көзделіп отыр. Жоба Пржевальский жылқыларын тарихи отанында тұрақты көбейтуге бағытталған. Бес жылдың ішінде елімізге қырық керқұлан жеткізіледі.
Жансая Теміржан, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман
шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Осы уақытқа дейін жылқылар жаңа жерге бейімделіп үлгерді. Сонымен қатар, денсаулықтары
мен бабының жақсарғанын байқадық. Демек, келесі кезеңге өту үшін, яғни оларды
өзінің табиғи ортасына жіберуге ешқандай кедергі жоқ. Далаға жіберілгеннен
кейін де мамандардың бақылауында болады. Себебі әрқайсысына GPS-құрылғылар
тағылған.
Айта кетейік, Қазақстанда Тұран барысы секілді басқа да жабайы аңдарды
қайта түлетіп, тұқымын көбейту жұмыстары жүргізілуде. Жырқыштар Нидерланды
елінен келді. Қазір олар Іле-Балқаш қорығын мекендейді.

