Утилизациялық алым мөлшерінің төмендеуі отандық көліктердің құнына еш әсерін тигізбейді. Арнайы брифингте сала мамандары автомобиль бағасына кәдеге жарату алымы бұған дейін де, қазір де кірмейтінін айтады. Қазақстан азаматтарының арасында танымал темір тұлпарлардың барлық дерлік үлгісін жергілікті зауыттар шығарады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев былтырғы статистикалық мәліметтерге тоқталды. Оның дерегінше, 2021 жылы ел аумағында сатылған көліктердің 65% өзімізде жиналған. Қалған 35% тиісті шығындарды төлеуге мәжбүр болған импорттың үлесінде. Сондай-ақ ведомство өкілі кәдеге жарату алымы отандық көлік өндірісіне неліктен қайтарылатынына қатысты түсінік берді.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:
- Біріншіден, заңнамада утилизациялық алымға «онда кәдеге жарату алымынан басқа ішкі нарықты қорғауды көздеу қарастырылған» делінген. Екіншіден, ол – инвестиция тарту механизмі. Бұл ретте елдің барлығы өз нарығын қорғауға ниетті екенін атап өткім келеді. Мұндай утиль алымына қатысты жұмыстар Ресей Федерациясы, Беларусь және Өзбекстан елдерінде де жүргізіледі. Яғни бұл – экологияны қорғау шараларымен қатар, отандық нарықты демеу тетіктерінің бірі.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов