Жаңа жыл жақындап қалды. Отандастарымыз мерекеге қызу дайындық үстінде. Қазақстандықтар 4 күндік демалысты қайда өткізеді? Қазақстан туроператорлары қауымдастығының президенті Инна Рейдің айтуынша, коронавирустың жаңа түрі өршіген қиын-қыстау кезеңде тәуекелге бел буғандар баршылық. Туристік жолдаманың дені БАӘ, Шри-Ланка, Гоа, Таиланд елдеріне алынған. Әуе компаниялары мен меймандарды қабылдайтын мемлекеттер қауіпсіздік шараларын күшейтуде. Дегенмен мамандар ахуал бойынша біржақты болжам жасауға асықпайды.
Инна Рей, Қазақстан туроператорлары қауымдастығының президенті:
- Жаңа жылға дейін уақыт бар. Біз қазір нақты болжам жасай алмаймыз, бірақ туристердің мереке күндері жылы жақта демалуларына мүмкіндік болады деп ойлаймын. БАӘ рейс санын арттырып жатыр. Ең бастысы азаматтарымыз сенімді компаниялармен жұмыс істеуі қажет. Туркод алуы да маңызды. Одан кейін өмірін сақтандыруды ұмытпағаны жөн.
Ішкі туризм жанданды
Сонымен қатар Қазақстанда ішкі туризм жақсы дамып келеді. Қаңтар-қыркүйек аралығында ел ішінде 4 млн адам саяхаттаған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 65% көп. Туристер арасында Алматы тау кластерінің рейтингі жоғары. Мұнда өткен жылы 870 мыңға жуық адам демалған. Танымалдығы бойынша екінші орында 2020 жылы 300 мыңға жуық қазақстандық демалған Алакөл жағалауы тұр. Теңіз курорттары мен термалды су көздері бар Маңғыстау өңірі тізімді тұйықтайды. Ең танымал 5 демалыс орнының қатарына Щучье-Бурабай курорттық аймағы мен Шығыс Қазақстанның өңірі кірген.