Қазақстандықтар салауатты өмір салтын ұстануға ден қойып келеді

Қазақстандықтар салауатты өмір салтын ұстануға ден қойып келеді. Бұрындары таң сәріден таза ауа жұтып жүгіретіндердің бірен-саранын ғана кезіктіруге болатын. Ал бүгінгі таңда денсаулығын жақсарту үшін ерте тұрып, спортпен шұғылданатындардың қатары күрт артып келеді. Елордалық Юзан Таирбергенов те күнделікті жаттығуларды үйреншікті әдетіне айналдырған. Йога және жаппай жүгірумен әуестенетін 55 жасар азамат жексенбілік денсаулық мектебін құрған.  

ЮЗАН ТАИРБЕРГЕНОВ, ЕЛОРДА ТҰРҒЫНЫ:

 - Біздің бағдарламада физикалық дайындық, йога элементтері, дұрыс демалуға арналған жаттығулар бар. Тыныс алу жүйесін жақсарту үшін ән айтып жаттығамыз. Сондай-ақ ғалымдар әнді жиі айту ағзаның иммундық жүйесін жақсартатынын дәлелдеген. Сондықтан осыған ден қойып, түрлі әндер шырқаймыз.

Жанара Дулатова, тілші:

 - Бүгінде жүгіру мен салауатты өмір салтын ұстанатындар көбеюде. Олардың дені қазақстандық жастар екені қуантады. Тіпті Арқаның сары шұнақ аяздары таңғы жүгіруден бас тартқыза алмайды.    

Спорт сүйерлер үшін ауа райының тылсым мінезі еш кедергі емес. 112-ден түскен ескерту хабарламасы да әуестіктерінен жаңылдыра алмайды. Тіпті 40 градустық қақаған аязда да олар жүгіруге дайын. Ол үшін бастысы өзіңді ынталандыра білуің керек дейді, олар.

ӘЙГЕРІМ ТЕМІРБАЙ, ЕЛОРДА ТҰРҒЫНЫ:

 - Таңертеңнен далаға шығып жүгіру бойыңды сергітіп ойыңды ашық ете түседі. Миың жылдамырақ әрі жеңіл жұмыс жасап, алдағы кез келген бастамаң жақсы жүзеге асады. Топтағы адамдармен әңгімелескенде бизнестері барын білдім. Жүгіргеннен кейін істерін алға бастыратын жаңа ойлар пайда болғанын айтады. Жалпы оның берер оң әсерлері көп.

Спортсүйер жандар үшін Жанат Қожахметовтың есімі жақсы таныс. Ол – осы бір әуестікке көпті ынталандырып жүрген белсенді азаматтардың бірі. Оның күнделікті жаттығуларына 20-ға тарта адам қатысады. Отыздан енді асқан спортшы соңғы 5 жылда 15 жаппай жүгіру марафондарының қатысушысы атанған. Ең ұақ қашықтығы 129 шақырым. Оны бәріне бірдей бағындыру қажет емес. Басты жеңіс өзіңді салауатты өмір салтын қолдауға үйрету. Әрі қарай спорт өзі баурап алады дейді, ол.

 - ЖАНАТ ҚОЖАХМЕТОВ, НҰР-СҰЛТАН Қ. СПОРТТЫҚ ЖҮГІРУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Қыс мезгілінде таңғы бестен тұру оңай шаруа емес. Күн суық, қараңғы. Ол мен сияқты күнделікті тұратын адам үшін де қиынға соғады. Біреулері осы жалқаулықты жеңе біледі. Өзгелері көндігіп жата береді. Сондықтан қыстың қалай өткенін танытатын нәтижелер көктем кезінде көрінеді.

Айта кетейік, жыл сайын мыңдаған адам өзінің шыдамдылығы, физикалық мүмкіндіктерін сынап көру үшін жаппай жүгіру додаларына қатысады. Белгілі жағдайларға байланысты биыл марафондар өткізілмесе де, спорт сүйер қауым жаттығуларын бір үзген емес.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов