Қазақстан білім беру процесін цифрландыру жеделдетеді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ел Премьер-Министрі бірқатар тапсырмалар берді. Осылайша, Әлихан Смайылов оқулықтарды электронды форматқа көшіру, сондай-ақ ауылдағы мектеп оқушыларын планшетпен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Атап айтқанда, облыс әкімдіктеріне «Қазақстан халқы» қорымен бірлесіп, гаджеттерді сатып алу мәселесін пысықтау тапсырылды. Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірлесіп, еліміздің барлық мектептерін сапалы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету керек, деп атап өтті министлер кабинетінің басшысы.
Айта кетейік, ұлттық жоба шеңберінде 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салу жоспарланған. Әлихан Смайылов оларға аймақтарда мектеп салынатын учаскелерді анықтауды тапсырды.