Kids Go Free бағдарламасы: 200 шақты бала демалысқа тегін ұшып барды

Kids Go Free бағдарламасының алғашқы нәтижелері белгілі:  осы күнге дейін  200 шақты бала демалысқа тегін ұшып, барып келді. Жоба операторы  «Кazakh tourism» мекемесіне жыл басынан бері жүзден астам өтініш түскен.  Олардың жол шығынын өтеу үшін   туроператорларға 10  миллион  теңгеден астам қаражат бөлінді. Ал жалпы отбасылардың жол құны мен демалысына 33 миллион теңгедей шығын шығады. Компанияның дерегіне сүйенсек, ең танымал бағыттар Түркістан, Алматы және Маңғыстау облыстары. Еске сала кетейік, отандық туризмді қолдауға бағытталған бағдарлама қаңтар айында іске қосылды. 2 мен 17 жас аралығындағы балаларға әуе билетін толығымен мемлекет көтеріп алады. Бұл жеңілдік тек туристік жолдама алған азаматтарға жасалады. Ал оны лицензиясы бар туроператорлардан алу шарт. Ережеге сәйкес бала ересек туысымен бірге ұшуы керек. Компания бағдарлама көмегін алушылар қатары жазда ацтарлықтай жоғарылайды деп күтеді.