Қазақстандық жастардың экология тақырыбындағы сурет көрмесі Климаттың өзгеруімен күрес бойынша БҰҰ конференциясында атап өтілді. Шотландияның Глазго қаласындағы халықаралық шарада ғаламдық жылыну мәселелері талқылануда. Қазақстандық жас суретшілердің экспозициясы «Ең үздік арт шара» атанды.
София Гамазова, көрменің арт директоры, форумға қатысушы:
- Барлық жұмыстың негізгі тақырыбы – экология және қоршаған орта. Барлығы да жүрекке жылы тиеді. 8-17 жас аралығындағы балалар ғаламдық мәселелерден хабардар екендігі ерекше әсер береді. Конференция соңында қорытындылар шығарылып, мені 3 мыңнан астам делегаттың арасынан «ең креативті» деп таңдады.
Алматылық оқушылар София және Диана климаттың өзгеруімен күрес бойынша БҰҰ конференциясының жастарға арналған форумы туралы әлеуметтік желі арқылы біліп, қатысуға шақырту алған. Дианаға Қазақстан қорықтары туралы лекция өткізу міндеті жүктелген. Одан бөлек, ол маскаларға қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға шақыратын месседж жазуды үйрететін шеберлік сабағын жүргізген.
Диана Гамазова, форумға қатысушы:
- Маскаға көк мұхиттың суретін салып, оны пластик қақпақ және кәмпиттің қағазымен толтыруға болады. Осылайша бетпердедегі бейнелер арқылы халықты қоршаған ортаны ластамауға шақырып, күрмеулі мәселеге назар аудартуға болады.
Климаттың өзгеруімен күрес бойынша БҰҰ конференциясы жанындағы жастар форумы 16 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Оның басты ерекшелігі – өскелең ұрпақ өздерінің ресми пікірлерін БҰҰ өкілдеріне тікелей жеткізе алуында. Шара нәтижесінде жастар бағдарламалық құжат дайындап, әлем көшбасшыларының талқылауына жолдайды.
Авторы: Ғалымжан Қараманов