Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қағазбастылық пен жол машақатынан арылудың заманауи тәсілін ұсынды. Салалық мекеме әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған «электрондық жеке іс» жаңа сервисін іске қосты.
Жүйе жұмысқа орналасуды жеңілдетуді көздейді. Яғни, енді өзіңізбен бірге жеке куәлік, соттылықтың болуы, наркология мен психдиспансерден берілетін анықтаманы алып жүрудің қажеті жоқ. Бұдан былай жұмыс беруші әлеуетті қызметкер түйіндемесін қарау және рәсімдеуге қажетті барлық мәліметі онлайн түрде сұрай алады.
Сондай-ақ, ешқайда бармай-ақ қашықтан электрондық еңбек шартының жобасын жасауға болады. Қазірден бастап жұмыс берушілер оны электрондық еңбек биржасы немесе кәсіпорындардағы кадрлық есепке қатысты ақпараттық жүйелер арқылы пайдалана алады. Бұдан әрі бұл қызмет арнайы еңбек ресурстары порталында қолжетімді болады.