Ұлы Отан соғысында із-түзсіз жоғалып кеткен 4 қазақстандық жауынгердің сүйегі туған жерге жеткізілді. Сұрапыл жылдары майдан даласында ерлікпен қаза тапқан отандастарымыздың құрметіне елордада салтанатты рәсім өтті. Ресейде іздеу тобымен жүргізілген экспедиция барысында майдангерлердің сүйегімен бірге олардың аты жазылған жауынгерлік медальондары табылған.
Мұрат Молдағалиев, «Atamnyn Amanaty» ҚБ төрағасы:
- Үшеуі Ақмола облысының, біреуі Қарағанды өңірінің тумасы. Сүйегі табылған екі жауынгердің артында қалған қыздары бар. Бүгінде 83 жасқа келіпті. Әкелерін майданға шығарып салғанда 1-2 жаста, енді бірі 3 жасқа енді толған екен. Бұл – олар өмір бойы күткен ерекше оқиға. Біз жарқын болашақ үшін жанын қиған ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, хабарсыз кеткендерді тауып, сүйегін туған топырағына тапсыру үшін барымызды салдық.
Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс алаңына айналған ТМД елдерінің аумағында хабар-ошарсыз кеткендер жауынгерлерді іздестіру шаралары жалғасуда. Бүгінге дейін мыңнан астам қазақстандық майдангердің сүйегі табылып, елге әкелінді. Қан майданда жанын пида еткендердің қаншамасы әлі де ұрыс даласында дамыл тауып жатыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов