15 мемлекеттен 300-ге тарта өнерпаздың басын қосқан дүбірлі думан. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Наурыз мерекесін тойлауды Түркияның Ушак қаласынан бастады. Жыл басын атап өтуге бұл жолы тек түркі мемлекеттері ғана емес, сондай-ақ Балқан түбегі елдерінің әртістері жиналды. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, әз-Наурыз мейрамы 15 күндік концерттік бағдарламаға ұласады. Ұйым Түркия елінің ең көне 8 қаласында шуақты мерекені думандата тойлауға ниетті.
Арман Нұрмахаматұлы, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының өнер және мәдениет департаментінің басшысы:
- Ұйым түркітілдес елдердің мәдениеті мен өнерін сақтау, қорғау мақсатында жұмыс істеп жатқандықтан, жыл сайын Наурыз мейрамын тойлап келеміз. Жалпы биылғы Наурыз мейрамының ерекшелігі – өнерпаздардың көптеген елден қатысуы. Атап айтатын болсақ, Қазақстан, Әзербайжан секілді Орталық Азиядан келетін түркітілдес өнерпаздармен қатар Балқан, Сербия, Македония елдерінен де қатысушылар келді.
Халықаралық шараға қатысушылардың айтуынша, дәстүрлі мерекелік концерттер өнерпаздарды көрермен қошеметіне бөлеп қана қоймай, елдер арасындағы мәдени қатынастарды дамытуға жол ашады.
Чинара Хейдарова, Әзербайжан мемлекетінің Еңбек сіңірген әртісі:
- Біз түрлі дәстүрлі мерекелік шараға қатысып келеміз. Бұл мерекелік концерт – ТҮРКСОЙ ұйымы ұйымдастырып отырған ауқымды шаралардың бірі. Мен Әзербайжан мемлекеті ТҮРКСОЙ ұйымына мүше екендігін мақтан тұтамын.
Юлияна Кривошапкина, Саха Республикасы /Якутия/:
- ТҮРКСОЙ секілді отбасымыздың барына қуаныштымын. Біз бір отбасыдай берікпіз. Әр кездескен сайын үлкен қуанышпен қауышамыз. Түркі елдерінің қатарында, оның ішінде ТҮРКСОЙ ұйымына мүше болғанымызға өте қуаныштымыз.
Айта кетейік, екі аптаға созылатын мерекелік шара биыл түркі әлемінің мәдени астанасы деп танылған Бурса қаласының стадионында ауқымды қойылым-концертпен аяқталады.