Қазақстанда мигранттарды тіркейтін «Құтты мекен» бірыңғай жүйесі құрылады

Қазақстанда «Құтты мекен» бірыңғай жүйесі құрылады. Автоматтандырылған жүйе барлық санаттағы мигрантарды қамтымақ. Яғни, елге кіріп шыққан сырт ел азаматтарының нақты есебін береді. Бұл жөнінде сала мамандары арнайы брифинг барысында мәлім етті. Айтуларынша, жақында еліміздің тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында тапшы кәсіптер бойынша шетелден мамандар тарту тәртібі бекітілген. 

Асқарбек Ертаев, ҚР ЕЖХӘҚМ көші-қон комитетінің төрағасы:

-Енді осы тізімдегі  мамандығы бар шетелдіктер елімізде тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін жеңілдетілген тәртіппен өтініш бере алады. Олар төлем қабілетін растаудан босатылды. Рұқсат беру бойынша жаңа қағидалар қабылданды. Оның басты жаңалығы енді бір рұқсатнамамен бірнеше өңірде жұмыс істеуге болады.

Құжатта елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін нақты шаралар қарастырылған. Мәселен, ұзақ мерзімді жаңа инвесторлық виза түрі енгізіліп жатыр. Мұндай виза иелеріне ел аумағында тұрақты тұру үшін ықтиярхат алу құқығы беріледі.

Асқарбек Ертаев, ҚР ЕЖХӘҚМ көші-қон комитетінің төрағасы: 

-А-5 санатындағы инвесторлар шетелден жұмыс күшін тарту үшін рұқсат алмайтын болды.  Жыл басынан бері 76 шетел азаматына осындай инвестор визасы берілді. Әлеуетті инвесторларға шетелдегі мекемелерімізден «бір өтініш» қағидаты бойынша Жеке сәйкестендіру нөмірін және Электронды цифрлы қолтаңба беру рәсімі жеңілдеді. Одан бөлек, инвестор-бизнесмендердің инвестициялық виза алуына қажет төменгі шекті 300 мың АҚШ долларына дейін азайту жоспарлануда.

Бұған қоса шетелде табысты бизнесі бар этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасы іске қосылды. Оның басты ерекшелігі сыртта жүрген іскер  ел азаматтарымен бірдей құқықтарға ие болмақ. Бұл ретте айта кетерлік жайт, жыл басынан 15 жарым мың қандас тарихи отанына оралған. Оның үштен екісіне жуығы еңбекке қабілетті.