Үш күнде 9 мыңға жуық адам қазақстандық QazVac вакцинасымен иммундау шарасынан өтті. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.
Ол ұжымдық иммунитет неғұрлым тезірек қалыптасса, соғұрлым тез шектеу шараларынсыз өмірге оралуға болатынын айтты. Сондықтан халықтың 60% вакциналаудан өтуі керек. Отандық препараттың қолданысқа енгізілуімен азаматтарда екпені таңдау мүмкіндігі пайда болды.
Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:
- Жалпы вакциналар өндірісі туралы айтқанда назар аударатын басты екі параметр бар. Бұл – қауіпсіздік пен тиімділік. Өндіріс механизмінің өзі әртүрлі болуы мүмкін. Инактивтендірілген және суббірлікті вакцина бар. Сәйкесінше, олардың жасалу жолы бір-бірінен ерекше. Бірақ, ең алдымен, олардың басты екі қасиеті бағаланады. Бізде қолданылатын вакциналар қауіпсіз әрі тиімді екенін атап көрсеткен жөн.