Қазақстанда алғашқы геномдық зерттеулер зертханасы ашылды

Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестік медицина саласында да жемісті жүзеге асуда. Астанада Ұлттық биотехнологиялар орталығы базасында бірлескен зертхана ашылды. Бұл орталықта геномды секвенирлеу, биомаркерлерді зерттеу мен қатерлі ісік диагностикасы мен емдеу ісі бойынша жаңа әзірлемелер жасау жұмысы жүргізілмек. Бұл онкологиялық аурулар диагностикасын кеңейтуге мүмкіндік беретін еліміздегі бірден-бір орталық болмақ. Ерекшелігі инновациялық жаңа технологиялармен жабдықталуында. Мұндағы заманауи құрал-жабдықтар зерттеулер мен талдамалар санын арттыруға, сонымен қатар, қазақстандық медициналық мекемелерге қажет кадрлар дайындауға мүмкіндік береді. Болашақта инфекциялардың өзге де түрлеріне зерттеулер жасау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жоба негізінен пренатальды диагностика мен тоқ ішектің қатерлі ісігін емдеуге баса назар аударады. Быр жылдан кейін, зерттеу жұмыстары аяқталған соң, реагенттер өндірісін жолға қою жоспарда.  

Ерғали Абдураимов, «QazBioPharm «ҰХ» АҚ бас директоры:

– Қызметкерлер штатына ең алдымен холдингтің еншілес компаниясының құрамындағы арнайы дайындықтан өткен кадрларды тартамыз. Сонымен қатар, өзге медициналық мекемелерге тәжірибеден өткен, зерттеу жүргізуге қабілетті дәрігерлер мен зертханашыларды жібере аламыз. Тағы бір үлкен жаңалығымыз екінші кезеңде онкологиялық ауруларды тексеретін онкотест, яғни, реагент өндірісін жолға қою көзделіп отыр. BGI Group компаниясымен осы жүйені бізге енгізу туралы келісімге келдік.

Инь Е., BGI Group бас директоры:

- 4 жыл бұрын біз қазақстандық әріптестермен бірлесе COVID-19 сәтті күрестік. Осы тәжірибені негізге ала отыра, инфекциялық аурулардың скринингін едәуір жеделдетіп, көпшілікке қолжетімді болатын медициналық әдістерді жасауды ұйғардық. Ол - Genomics немесе Omics Lab деп аталатын дәрі-дәрмектер тізбегі. Біз, Қытайда қолданылып келе жатқан заманауи технологияларды осында, Қазақстанда қолданғымыз келеді. Сонымен қатар, жергілікті компания тұқым қуалап келетін сырқаттарды емдеу және ерте бастан анықтауға қажет әдістерді қазақстандық мамандар меңгеруі үшін, қысқа мерзімді оқу курсын ұйымдастырмақпыз.