Қазақстандық QazVac вакцинасының штамм құрамын модернизациялау жоспарлануда. Коронавирустың «Ухань» штамы «дельта» штамына өзгертіледі деп күтілуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария хабарлады. Оның айтуынша, QazVac вакцинасын клиникалық сынаудың үшінші кезеңі жазда аяқталды. Алайда зерттеу нәтижелері кем дегенде 6 айдан кейін ғана белгілі болады. Спикер алғашқы отандық вирусқа қарсы препаратты зерттеу сәтті өткенін атап өтті. Оған 3 000 адам қатысқан. Енді қазақстандық ғалымдардың зерттеу нәтижелері баяндалған мақала рейтингі жоғары ғылыми журналда жариялауға әзірленіп жатыр.
Күнсұлу Закария, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
- Зерттеудің шешімін, сараптама қорытындысын журналдың редакциясына жіберетін боламыз. Бірінші жағдайда біздің мақаламыз 6 ай бойы қаралған еді, алайда қазір жылдың соңына қарай немесе келесі жылдың басында жаңа ақпарат жарияланады деп ойлаймыз. Барлық клиникалық зерттеулер аяқталды, 9 шілдеде біз соңғы талдауларды жинадық, содан кейін шілде айының соңына дейін деректердің үлкен бөлігі статистикалық талданды.
Авторы: Ақзер Сегізбай