Бар үрдісті цифрландыру, жаңа жұмыс орындарын құру және инвестициялық белсенділікті арттыру. ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев отандық туризмді дамыту және салада орын алған тың өзгерістер жайында баяндады. Оның айтуынша, бүгінде бұл бағыт белсенді түрде жанданып, тамырына қан жүгірген. Мәселен, шетелдік туристердің орналасуын есепке алуға мүмкіндік беретін «E-Qonaq» бағдарламасын іске қосу ұтымды шешімдердің бірі болды. Жаңа жүйе елге келген саяхатшылардың нақты санын біліп, шынайы дерек құруға жол ашты.
Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Жүйе іске қосылып, өз жұмысын бастады. Әріптестер, маған әсіресе туризм бойынша сұрақтар көптеп қойылады. Қазір бұрын соңды көтерілмеген мәселелерді талқылап жатырмыз. Бізде саланы ынтыландыруға қатысты шаралар бар. Ендігі мақсат – оны жетілдіріп, толықтыра түсу.
Министр елдегі бизнестің инвестициялық белсенділігі қарқынды түрде өсіп келетінін айтады. Тек соңғы 3 жылда ғана Қазақстанның 10 өңірінде 270-тен астам жаңа жоба іске қосылды. Ел аумағында инвесторлар құйған қаржыға әлемге танымал қонақ үйлер мен заманауи ғимараттар көптеп бой түзеуде.
Осылайша өзімізде «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton» қонақ үйлері, «Tetysblu» паркі, Түркістандағы «Керуен-Сарай» кешені сынды сауық құру нысандары пайда болды.
Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Біз үшін турист – тек теңіз жағасында демалатын адам емес. Сондықтан экотуризм, серуендеу, тау туризмі сынды өзге де бағыттарды дамытып, саяхатшыларды қанағаттандыратын орындар дайындауымыз керек. Қазір сұраныс арта түсетінін түсінеміз. Инвестор оны жақсы біледі. Жергілікті инвесторлар түрлі нысан мен кешен салып жатыр. Қазір Баянауылда коттедж қалашықтары бой түзеп, түрлі пансионат қайта жаңғыртылуда.
Бұл кешенді шаралар ел экономикасына оң әсер етіп, саланың дамуына тың серпін беретіні айтпасақ та түсінікті. 2025 жылға дейін осы секторда 60 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Инфроқұрылым жаңғырып, шетелдік туристер ағыны артып келеді.
Айта кетерлігі, Британдық бэкпекерлер қоғамы былтыр Қазақстанды белсенді экосаяхатшылар үшін қолайлы елдердің үздік бестігіне жатқызған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов