Бұл басымдықтар бүгін мәжіліс қабылдаған тиісті заңда көзделген. Құжат бірыңғай экономикалық одақ кеңістігінде кедендік рәсімге сай келетін жүк тасымалына салынатын арнайы салықтар мен баждарды төлеуге қатысты міндеттерді орындауды камтамасыз етеді. Яғни, демпингке қарсы өтемақы баждарын төлеудің ерекшеліктері келісілген. Еліміздің Премьер-министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтің айтуынша, жақында ғана Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешімімен осы ретте одақтың өзара интеграциясын дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары бекітілген.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер министрінің орынбасары-қаржы министрі:
- Еуразиялық экономикалық одақ шартында кеден саласына қатысты интеграциялануға жататын барлық үрдістер реттелген. Аталған келісімде Еуразиялық экономикалық комиссия одақ елдеріне қатысты 21 бизнес-процесті бекіткен. Қазіргі таңда, бұл бағытта көзделген 10 бизнес-үрдіс бойынша интеграция толық қарқынмен жүріп жатыр, тағы бес процесс жүзеге асырылу үстінде. Қалған алтауы бойынша қажетті барлық жұмысты Еуразиялық экономикалық комиссия өзге қатысушы елдермен бірлесіп жыл соңына дейін аяқтауы тиіс. Яғни, комиссия келер жылы кешенді интегациялық үрдістер жүргізуді жоспарлап қойған. Сондықтан бұған қатысты барлық шаралар 2024 жылы толық аяқталады.
Ерлан Жамаубаевтың сөзінше, келісімді ратификациялау елімізде ұлттық кепілгерлік институтын дамытуға және отандық тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сәйкесінше қаржы институттары үшін жеке инвестициялар тартуға және одақ аясында бәсекелестік орта құруға серпіліс болмақ. Бүгінде аталмыш құжат Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей елдерінде мақұлданған.