Қазақстанда халықты коронавирусқа қарсы ревакцинациялау науқаны басталады. Денсаулық сақтау министрлігі атап өткендей, қайта иммундау 20 қарашаға жоспарланған. Бұл ретте дәрігерлер азаматтарға алғаш алған екпеден өзге вакцинаны салдыруға кеңес береді. Мәселен, «Спутник V» салдырғандар 9 айдан кейін инактивті вакцинаны, ал «QazVac» немесе «VeroCell» салдырғандар 6 айдан кейін векторлы екпе салдырғаны жөн.
Айта кетейік, бустерлі дозаны алу үшін антиденелерге сынама тапсырудың қажеті жоқ.
Эльвира Ибрагимова, қалалық орталық клиникалық аурухана директорының орынбасары:
- Бірінші кезекте денсаулығы әлсіз азаматтарға ревакцинация жасатуды ұсынамыз. Олар – 65 жастан асқан тұрғындар. Себебі инфекция жұқтырып ауруханаларға жатқызылғандардың басым бөлігі 60 жастан асқандар. Сонымен қатар иммунитеті әлсіз жандар және алдыңғы шепте еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлері мен күштік құрылым қызметкерлері ревакцинация жасатуы тиіс.