Оңтүстік Корея мен Жапониядағы отандастарымыз алғашқылардың бірі болып дауыс берді

Оңтүстік Корея мен Жапониядағы отандастарымыз алғашқылардың бірі болып дауыс берді

Оңтүстік Корея мен Жапониядағы отандастарымыз Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауында алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Бұл елдерде сайлау учаскелері Астана уақыты бойынша 4, ал Сеул уақытымен таңғы 7-ден бастап ашылды. Таңғы шық елінде мыңдаған отандасымыз өмір сүруде.  Ең бірінші болып сайлау учаскесіне  жұмыс және оқу барысымен қазіргі таңда Сеулде тұрып жатқан  Юрий Цой мен Майя Ли келді. Елде  коронавирус жұқтырып жатқандар саны көбеюі себепті учаскелерде маска тағып жүру шарт. Дауыс беру барысын қазақстан азаматы бақылауда, ал ғимаратты Сеул полициясы күзетіп тұр. Дауыс беру Астана уақытымен сағат 17-де аяқталады.

Майя Ли, Сеул қаласының тұрғыны:

 – Менің ойымша бұл әр Қазақстан азаматының парызы. Барлық отандастарымыз белсенді болғанын қалаймын, себебі бұл процес мемлекеттің болашағын шешеді. Мен болашақ жастардың қолында екеніне сенемін. Президентіміз жүргізіп жатқан басты реформалардың бірі  - білімді және көзі ашық жастардың қатысуымен жаңа Қазақстанды құру. Мен өзім де үздіксіз білімін жетілдіріп жүрген жан ретінде  мемлекет тағдыры жастардың қолында деп ойлаймын.

Бейжіңдегі отандастарымыз да таңмен азаматтық таңдау жасауға жиналды. Қытайда 3 сайлау учаскесі ашылған. Оның бірі Бейжіңдегі елшілікте, сондай-ақ Шанхайдағы бас консулдық кеңсесі мен  Сянган әкімшілік ауданында орналасқан. Сайлау учаскесінде коронавирусқа қарсы барлық сақтық шаралары қабылданған. Сайлаушылардың арасында студенттер көбірек. Көбі алғаш рет Сайлауға қатысып, дауыс берген.

Адия Шалқарбаева, студент:

– Мен бұл жерге қуана-қуана келдім. Шетелде жүріп Қазақстан Президентіне таңдау жасау- мен үшін үлкен мәртебе.  Сайлау Қазақстанның дамуы мен өркендеуі  жолында жаңа үлес қосады деп сенемін

Әбілқайыр Қадырбай, студент:

 – Шетелде жүріп дауыс бергенім – өзіме үлкен тәжірибе болды. Жырақта жүрсем де осындай мүмкіндік берген еліме рақмет.  Ал бүгінгі сайлауға келетін болсақ жаңа өзгерістерге бастайды деп сенемін.

Айта кетейік, сайлау учаскелері сонымен қатар Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батыр, Джакарта және Бангкокте ашылды.