«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы еліміздің жаңа облыстарына барады

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жолға шықты. Ол Алматы облысынан бастау алып, еліміздің 67 шалғай станциясына барады. Дәрігерлер еліміздің жаңа облыстары – Жетісу, Абай мен Ұлытауды да аралайды. Мамандандырылған құрам сегіз вагоннан құралған және республиканың жетекші клиникаларымен телемедициналық консультациялар жүргізу үшін телефон байланысымен, интернет желісімен жабдықталған. Еске сала кетейік, «Медициналық пойыздар» жобасы аясында Қазақстан өңірлеріне екі құрам қатынауда. Мамандар 60 мың адамға тегін медициналық көмек көрсетеді деп күтіліп отыр.

Әлфия Адиева, әлеуметтік жобаларды дамыту қорының Бас директоры:

– Бұл жобаның графигі, пойыздардың ауылдарды аралау графигі, яғни біріншіден халықтың сұранысы, сонымен қатар мемлекеттік қызмет органдарының ұсыныстарымен, ал ең бастысы медициналық бөлімдері жоқ, медициналық ауруханалардан алыс орналасқан ауылдардағы станцияларға бару жасақталған болатын. Тәжірибе көрсеткендей, бұл медициналық пойызға келіп, қабылдаудан өтіп жатқан азаматтар саны жетіп артады, өте көп.

 

Авторы: Гүлбану Тәжібек