Қазақстандық сарапшылар «C5+1» саммитінің маңызына қатысты пікір білдірді

Қазақстандық сарапшылар «C5+1» саммитінің маңызына қатысты пікір білдірді

6 қарашада Вашингтонда «C5+1» саммиті өтеді. Онда Орталық Азия бестігі - Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан көшбасшылары  АҚШ Президентімен кездесіп, бірқатар өзекті мәселені қарайды. Басқосуда көлік логистикасы, энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру салаларындағы көпжақты  ынтымақтастық аясы талқыланбақ. Жалпы, «C5+1» форматы өңірлік мүдделерді ілгерілететін алаң. Сарапшылардың пікірінше, ауқымды іс-шара Еуразияның жаңа геосаяси орны мен ірі державалардың өңірге деген қызығушылығын білдіреді. Жалпы Құрама Штаттарға жаңа көлік дәліздерін құру үшін Орталық Азияның стратегиялық орналасуы мен  әлеуеті қызықты. Мысалы, Америка Қазақстанды логистикалық хаб, яғни Еуразияның негізгі транзиттік торабы ретінде қарастырады. Сондай-ақ-сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы сенімді серіктесі санайды, - дейді сарапшылар.

Әли Мұхамбет, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ америкалық және еуропалық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:

- АҚШ аса маңызды минералдардың логистикасын әртараптандыруға ұмтылады және Қазақстанның осы тұрғыда АҚШ-ты 50 аса маңызды минералдардың 19-мен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Оның ішінде галий, вольфрам, кобальт және басқалары бар. Қазақстан сирек кездесетін металдарды жеткізудің әртараптандырылған және тұрақты тізбегін құруға қатысу үшін барлық алғышарттарға ие. Демек инвестициялар және технологиялар алмасуда серіктестікті нығайтуға болады.

Айта кетейік, «С5+1» форматындағы кездесулер 2015 жылдан басталды. Алайда, тек 2 жыл бұрын ғана Нью-Йорктегі саммитке президенттер қатысты. Бұл жолғы басқосу диалогтың 10 жылдығына орайластырылған. Сарапшылардың пікірінше, бұл Вашингтонның Орталық Азияның әлеуетіне ерекше  көңіл бөлуінің тағы бір дәлелі.

Манарбек Қабазиев, ҚР СІМ жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасының орынбасары:

- 10-нан астам министрлік кездесулер өткізілді. Олар осы форматты одан әрі дамытуға жақсы серпін берді. Яғни, Орталық Азияның да, АҚШ-тың да көптеген серіктестері өнеркәсіптік өндіріс, сутегі технологияларын дамыту, таза энергия және тағы басқа да ынтымақтастық аясының өзекті мәселелерін пысықтады. Бұл осындай форматтағы жиындардың серпінді жобалары деп санаймын.

АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті «С5 + 1» бастамасының 10 жылдығына арналған іскерлік конференция ұйымдастырады. Шараға министрлер, сенаторлар мен арнайы өкілдер қатысады деп күтілуде. Мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландау жетекші компаниялар басшылармен пленарлық панельдік сессия өткізеді. «С5 + 1» елдерінің жоғары лауазымды шенеуніктері мен бизнес қауымдастығы он жылдық ынтымақтастықты саралап, Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі нығайту жолдарын талқылайды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?