АҚШ-тың алты университеті Қазақстан түлегін оқуға шақырды. Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебін тәмамдаған 16 жастағы Нұржан Әбдірәсілов құжат тапсыру кезінде осындай нәтиже боларын ойламаған да. Бірақ аса белді оқу орындарын таңдаудан тайсалмаған.
Нұржан Әбдірәсілов, мектеп түлегі:
– Соның ішінде мен US BERKLY деген университетті таңдадым. Ол Калифорнияда орналасқан. Бұл университет көп дәрежелі университет болып табылады. Әлемдік рейтингте 4-ші орында. Computer science саласында орналасқан. Бұл яғни програмирование.
Нұржан халықаралық олимпиадаларға қатысып, жетістіктерге жеткен. Сондай-ақ, жетім балаларды бағдарламалауға үйретудің авторлық курсын әзірлеген. Ал ата-анасы ұлының математика немесе физика саласында ғалым болғанын қалаған екен.
Ғазиз Әбдірәсілов, Нұржанның әкесі:
– Дегенмен, бір күні балам келіп, «Әке, менің математикаға аса қызығушылығым жоқ, маған информатика ұнайды, бағдарламалаумен айналысқым келеді», - деді. Мен баламның таңдауын құптадым. Шешімін қабылдадық. Сол кезден бастап информатикаға баса мін беріп, сол бағытта білімімізді толықтыра бастады. Біз ең жақсы болмасақ, ең жақсылардың бірі болуымыз керек.
Жас жігіт АҚШ-та білімін аяқтағаннан кейін Google немесе Netflix сияқты ірі компанияларда жұмыс істеуді армандайды. Ал, тәжірибе жинақтаған соң туған жеріне оралып, елінің дамуына үлес қосу жоспарда бар.