Бүгін Ақордада Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Қазақстан Президенті нәзік жанды қатысушыларды көктемнің шырайлы мерекесімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев барша Қазақстан әйелдеріне зор ризашылығы мен алғысын жеткізді. Төл тарихымызда ер азаматтармен бірге ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар көп болғанын ерекше атап өтті. Бүгінде бұл дара жол лайықты жалғасын тауып келеді. Олар еліміздің дамуына орасан үлес қосып, барлық салада табысты еңбек етуде. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ауқымды жаңғыру жолына түсіп жатқан кезеңде әйелдердің жасампаздық рөлі арта түсетіні анық екенін алға тартты. Жаңа Конституцияның жобасы еліміздің стратегиялық дамуына бағытталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан әлеуметтік саясатқа әрдайым жауапкершілікпен қараған. Шын мәнінде мұқтаж азаматтарымызға нақты, атаулы көмек көрсетіледі. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасады. Мысалы, елімізде бала дүние келген кезде тиісті әлеуметтік төлемдер жасалады. Берілетін қаржының көлемі қомақты. Мемлекет басшысы ретінде мен ана мен баланы қолдауға айрықша мән беремін. Мұны Президенттің басқа да қызметтік міндеттемелері сияқты аса маңызды іс деп санаймын. Бұл бағытта қажетті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды. Енді, міне, отбасы институтын қоғамның тұрақты дамуының өте маңызды факторы ретінде Конституция деңгейінде күшейтеміз.
Президент мерекелік жиында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени
дамуына елеулі үлес қосып, өз кәсібінде жоғары табысқа жеткен әйелдерді
мемлекеттік наградамен марапаттады.

