Қазақстанның мекемелерінде мемлекеттік ту төмен түсірілді

Елімізде – Жалпыұлттық аза тұту күні. Қазақстандықтар қаза тапқан азаматтардың артынан қайғырып, көңіл айтуда. Мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының барлық ғимаратында мемлекеттік ту төмен түсірілді. Телеарналардағы барлық ойын-сауық бағдарламасын тарату 1 күнге тоқтатылды.

Елорда тұрғындары қайғылы оқиғалардың салдарынан өз туыстарынан айрылғандарға көңіл айтуда. «Мұндай террористік актілер елімізде ешқашан қайталанбауы тиіс», - дейді олар.

Блиц:

- Барлық қаза тапқан жанның отбасына көңіл айтамын. Бұл – Қазақстан үшін қаралы күн. Террористік қауіппен күресіп жатқан барлық әскериді қолдаймын. Олармен біргемін.

- Әрине, жақыныңнан айырылу – үлкен қайғы. Қайғырып, көңіл айтамын. Барлық полиция, медицина қызметкеріне үлкен алғыс!

- Бұл жағдай Қазақстан халқына ауыр тиді. Елімізде тыныштық болсын. Бала, немере-шөберелеріміз аман болсын. Қасым-Жомарт Тоқаев қолынан келгенше барлығын істеп жатыр. Президентімізге рақмет!

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде 19 қаңтарға дейін коменданттық сағат енгізілгенін айта кеткен жөн. Ол кешкі 23:00-ден таңғы сағат 7:00-ге дейін жалғасады. Бұл осы уақыт аралығында азаматтардың көшеде жүруіне тыйым салынғанын білдіреді.