Қазақстандықтар ХҚКО-ның қызметін бейнеқоңырау арқылы алуына болады. Саладағы жаңашылдықты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мәжілістегі Үкімет сағатында таныстырды. Министр мәлім еткендей, жоба еліміздің бірнеше аймағында пилотты түрде жүзеге асырылуда.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Үкімет сағатынан бір апта бұрын жаңа қызмет түрін пысықтадық. Қазір ол пилоттық режимде төрт өңірде, яғни Ақмола, Қостанай, Павлодар және Қызылорда облыстарында жұмыс істеп тұр. Аталмыш қызметті пайдаланушы азаматтар ХҚКО-ға бармай-ақ, биометрия бойынша сәйкестендіруден өтіп, бейнеқоңырау бойынша қызмет ала алады. Жай ғана кеңес алу емес, мемлекеттік қызметтерді нақты ала алады.
Министрдің айтуынша, республикада цифрлық құжатты пайдаланушы азаматтар саны 5 миллоннан асқан. Мемлекеттік қызметтердің 90%, яғни 690 мемлекеттік қызметтің 624-і электронды түрде қолжетімді. Ал «eGov mobile» мобильді қосымшасында цифрлық құжаттардың 18 түрі іске асырылған.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Сервис азаматтарға құжатты мобильдік қосымша арқылы электрондық форматта қарау, сондай-ақ оның дұрыстығын тексеру мүмкіндігін береді. Сервисті тиісті ақпараттық жүйелермен ықпалдастыру арқылы құжаттарды цифрлық тексеру мүмкіндігі іске асырылды. Қазіргі таңда цирфлық құжаттармен әуежайларда, теміржол вокзалдарында, нотариустерде, банктерде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, поштада қызмет алуға болады.
Авторы: Ақзер Сегізбай