Қазақстандық курьерлер мен такси жүргізушілері салық төлейді

Қазақстандық курьерлер мен такси жүргізушілері салық төлейді

Мемлекеттік кірістер комитеті осы мақсатта eSalyq Business мобильді қосымшасын пайдалана отырып жүргізілетін салық режимі негізінде пилоттық жобаны іске қосты. Ведомствоның хабарлауынша, ешқандай салық декларациясын тапсырудың қажеті жоқ, ал зейнетақы жарналарды, әлеуметтік аударымдар мен медициналық сақтандыруды интернет-платформа өзі есептейтін болады. Пайдаланушылардан 1 проценттік ставкамен табыс салығы ұсталады. Осылайша, такси жүргізушілері немесе курьердің салық органдарына баруының қажеті жоқ. Сондай-ақ қосымшаның арқасында салықты есептеу мен төлеудегі қателер жойылып, қаржылық жүктеме артпайды. Жобаға қосылу үшін ең алдымен, жеке кәсіпкер немесе қызметкер ретінде тіркеуден өту қажет. Айта кетейік, пилоттық жоба 1 шілдеде іске қосылды.

Гүлмира Смағұлова, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті департаментінің басшысы:

 - Кәсіпкер чектерді тікелей мобильді қосымшада береді. Сондай-ақ  бұл қосымшада чек бізге автоматты түрде келіп отырады. Тиісінше, кіріс автоматты түрде есептеледі. Осылайша, біз барлық міндеттемені болжай алатын боламыз. Содан кейін айына бір рет есептелген міндеттемелер бойынша деректерді интернет-платформаға жібереміз. Яғни, қандай көлемде жеке табыс салығын төлеу керек, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді қанша төлеу керек екені белгілі болады. Тағы бір айта кететін жайт, пилоттық жобаға курьерлер мен такси жүргізушілерін тіркеу бұл салық немесе әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындатумен байланысты емес. Алдағы уақытта біз әлі де міндеттемелерді орындауды жеңілдететін платформаны ұсынамыз.

Бүгінде такси агрегаторларының бірімен және интернет-платформалардың басқа операторларымен ақпараттық жүйелерді баптау жұмыстары да жүргізілуде. Ол аяқталғаннан кейін қазақстандықтар пилоттық жобаға ерікті түрде қосыла алады.