Алдағы аптада Қазақстан елордасы жаһандық деңгейдегі шара өтетін алаңға айналмақ. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің жетінші съезіне 50 елден 108 делегация қатысады. Ортаға салынатын басты мәселелер «Қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы діндердің рөлі», «Діни лидерлер мен саясаткерлердің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге, әсіресе діни негізде қарсы тұруға қосқан үлесі» болмақ. Әйелдердің қоғамның тұрақты дамуына қосқан үлесі де қамтылады. Шараға дайындық барысы туралы Мемлекет басшысын Парламент Сенатының Спикері - Съезд Хатшылығының төрағасы Мәулен Әшімбаев ақпараттандырған еді. Алдағы форум жаһандық ақпарат құралдарының қызығушылығын тудырып отыр. 200-ден астам шетелдік және 300-ден астам қазақстандық БАҚ өкілдері аккредитациядан өткен.