Коронавирусқа қарсы вакцина ешқандай ауру тудырмайды, бедеулікке әкеліп соқпайды және ДНҚ-ны өзгертпейді. Қоғамда иммундау науқанына қатысты тараған осы текті қауесеттер жайында медицина ғылымдарының докторы, инфекционист-дәрігер Ләззат Ералиева пікір білдірді. Ол COVID-19-ға қарсы екпелердің қауіпсіз екені ғылыми түрде дәлелденгенін тағы бір еске салды. Сондықтан, ең алдымен, тексерілмеген ақпарат көздеріне құлақ аспауға шақырады.
Вакцина ешбір ауруды қоздырмайды. Керісінше қатерлі індеттің алдын алудың бірден бір жолы. Дертті жұқтыру көрсеткішін үш есе төмендетеді. «Ең бастысы, өлімнен сақтайды», – дейді сарапшы.
Мәліметке сәйкес, коронавирустың салдарынан елімізде күніне 100-ден астам науқас көз жұмады.
Ләззат Ералиева, медицина ғылымдарының докторы, инфекционист:
- Вакцина бізге, ең алдымен, ағзадағы жасушалардың есте сақтау қабілетін жақсарту үшін қажет. Адам вирусты қайта жұқтырып алған кезде дәл осы жасушалар антиденелердің жылдамырақ түзілуіне ықпал ететін болады. Осының әсерінен адам індеттен сақ болады. Жұқтырып алғанның өзінде ауру жеңіл түрде өтеді.