Қазақстандық ғалымдар аязға төзімді күзгі бидай сұрпын ойлап тапты

Қазақстандық ғалымдар аязға төзімді күзгі бидай сұрпын ойлап тапты

Қазақстандық ғалымдар бидайдың жаңа сұрпын шығарды. «Шөл» деп аталған бұл тұқым Ұлттық Аграрлық Ғылыми-Білім беру орталығы мамандары еңбегінің жемісі. Дақылдың бұл түрі гибридті сұрыптардың ішінен жекелей таңдаудың нәтижесінде алынды. Жаңа бидай сұрпы көп өнім береді әрі тез өсіп-жетіледі. Бастысы, аяз, аптап ыстық, қуаңшылық пен ауруларға да қарсы тұра алады. 1 гектардан 40 центнерге жуық өнім береді.

«Шөл» сұрпы барлық зерттеу-тәжірибелерден сәтті өтіп, патентке ие болды. Қазірдің өзінде еліміздің оңтүстігіндегі шаруалар жаңа сұрыпты егіп бастады. Ғалымдар күзгі бидай бүкіл ел аумағында жақсы өседі деп болжап отыр. Тіпті, ауа-райының қолайсыздығы да кедергі келтірмейтініне сенімді. 

Бүгінде шетелдік аграрийлер отандық ғалымдардың жаңалығына қызығушылық танытып отыр. 

Анарбай Ортаев, Сарқырама ауылшаруашылық тәжірибелік станциясының басқарма төрағасы:

– «Шөл» атты жаңа бидай сұрпын 2014 жылы алдық. 3 жылдық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2017 жылы бұл тұқым еліміздің үш өңірінде егіле бастады. Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында жаңа үлгілер алынды. 

Арнұр Шакерханов, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы баспасөз қызметінің басшысы:

– Бұл сұрып ботаникалық тұрғыдан бай әрі әралуан. Гостианум гибридті түріне жатады. Бұл сұрыпты жақсылап өсіру үшін тұрақты суарып, тыңайтқыштармен байытқан жөн. Аязға қарсы тұра алады. Сонымен қатар, өсіп-жетілу кезінде шашылмай, тез ұнтақталады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?