Қазақстандық фотосуретші халықаралық байқауларды бағындыруда

Шетелдіктерді төл туындылармен  баурай алған Қазақстандық фотосурет шебері. Халықаралық фотошараларда Александр Власюктің еңбектері үлкен сұранысқа ие. Бұл оның қайталанбас сәттерді қалт жібермей сақтап қалу қамында қолға алған сүйікті ісі. Әуестігін өмірлік хоббиге айналдырған отандық фотосуретші бірқатар беделді байқаулардың жеңімпазы. Жақында «Kazakhstan Diagamma 2022» сынында шеберлік байқасқан 260-қа жуық қатысушының алдын орап, топ жарды. Бұл аз десеңіз, халықаралық фотосурет өнерінің Федерациясы және америкалық фотосурет қоғамның белді шарасында оның «Балқаш», «Жағажай маусымы» және «Совенок Грей» жұмыстары екі алтын алқа қанжығалап, құрмет лентасы тағылды.  

Александр Власюк, фотосуретші:

– Мен 14 сурет жібердім. Олардың ішінен 12 жұмысым іріктеліп, үшеуі марапатқа ие болды. Бұл тек өзіңнің бабыңды сынап, өзге қатысушылармен шеберлік алмасу үшін қажет болды. Өйткені, ол жерде әлемнің әр жерінен келген еңбектер қойылды. Өзімді танытып, бағалау үшін қатыстым.  

Александр қоршаған ортаның ерекшелігін суретке түсіруді ұнатады. Ол үшін  ел аралап, табиғат аясында саяхатқа жиі шығып тұрады. Оның айтуынша, фотоның сәтті шығуы ауа-райы мен табиғи жарыққа тікелей қатысты. Бір жердің өзі табиғаттың тылсым мінезіне байланысты әр кез өзге қырынан танылады, дейді ол. 

Александр Власюк, фотосуретші:

–  Ауа райы құбылып тұрғанда керекті сәтті ұстау қиын. Ол бірер секунд қана болуы мүмкін. Мәселен, күннің шығуы мен батуын түсіру оңай емес. Сол сәтті қалт жібермеу мен үшін өте маңызды. Әсері де басқаша болады.

Өз ісінің хас шебері ізін басқан дарынды жас фотосуретшілер көп екенін айтады. Сиқырлы фото әлеміне енді аяқ басқандарға қателіктерге мойымай сабақ алып, біліктілікті шыңдаудан талмау керек деген кеңес береді.