Елдің игілігі үшін қоғам үнін естіп, халық сенімін ақтау және Мемлекет басшысының бастамаларына барынша қолдау көрсету. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың алдағы жұмысының басымдықтарын атап өтті. Ол төменгі палатаның жұмысы ашық, ал заң шығарушылардың өз сайлаушыларына жақын болуының маңызына тоқталып өтті. Сондай-ақ халық қалаулыларының азаматтық сектормен және БАҚ өкілдерімен тығыз байланысын жандандыру маңызды екенін тілге тиек етті. «Өңірлерде қоғам белсенділерімен жиі жүздесіп, халықтың мұң-мұқтажын білу маңызды», – деді ол. Заң жобаларын талқылауға үшінші сектор, парламенттік емес және саяси партиялар, сарапшылар, қоғамдастық өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшыларын тарту қажеттігін баса айтты. Ең бастысы әлеуметтің әл-ауқатын жақсарту қамында тың бастамалар қолға алынатынын жеткізді.
Ерлан Кошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Депутаттық корпус жұмысының маңызды бағыты – халықпен кері байланысты қамтамасыз ету. Заң шығару қызметіндегі өңірлік үлесті барынша күшейтуіміз қажет. Бұл тұрғыда еліміздің аймақтары, ауылды жерлері, елді мекендеріндегі әлеуметтік маңызы жоғары болатын заң жобаларын талқылау жағына баса назар аудару керек. Мұндай заң жобалары ең алдымен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов