Қазақстандық домбырашылар ірі халықаралық музыкалық фестивальге шақырылды. Қыркүйектің 20-24 аралығында Испанияда өтетін байқауда Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз екі шығарманы орындайды. Бірінші турда атақты италиялық скрипкашы Никколо Паганинидің «Каприс №24» туындысын киелі қазақ аспабының тіліне салса, екінші кезеңде кеңге танымал «Тақтар тартысы» фильмінің саундтрегін алғаш болып домбыра сарынына келтіріп ойнап бермек. Пандемияның кесірінен бірінші тур онлайн өтеді.
Темірлан Олжабай, домбырашы:
- Аталмыш фестиваль жыл сайын Испанияның Коста-Брава жағалауында ұйымдастырылады. Биыл біз Қазақстан атынан арнайы шақырту алдық. Біз үшін үлкен мәртебе. Байқауға қатысумен қатар музыкалық шараның қонақтары ретінде де өнер көрсетеміз. Сондықтан бізге үлкен жауапкершілік артылып отыр. Естен кетпейтіндей өнер көрсетіп, ел үмітін ақтауға барымызды саламыз.
Еске сала кетейік, қазақстандық домбырашылардың дуэті еліміздің Токио Олимпиадасындағы мәдениет бойынша амбассадоры атанды. Топ 2017 жылы құрылған. Осы күнге дейін олар АҚШ-та өткен халықаралық байқауда топ жарып, алтын алқа еншілеген. Қытайда Димаш Құдайбергенмен бірге өнер көрсеткен. Олар Түркия, Израиль мен Еуропа елдерінде де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өнер иелері: «Басты мақсатымыз – қазақтың ұлттық аспабын асқақтатып, оның құдіретін жер-жаһанға дәріптеу», – дейді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов