Қазақстанда мемлекет пен бизнес сындарлы диалог орнатты. Елімізде бұған көпір болатын кәсіпкерлердің қатысуымен түрлі мамандандырылған кеңестер құрылып, сан қырлы форумдар мен отырыстар жиі өткізіледі. Отандық іскер қауымдастықтардың өкілдерімен ел Президенті де кездесіп тұрады. Бұл саланың күрмеулі мәселелерінің түйінін тарқатын бірлескен шешімдер мен нақты жоспарлар жасаудың қамы. Мемлекет басшысымен жүздескен Жұмабек Жанықұлов та бірқатар өз ұсынысын жеткізді. Отандық бизнесмен арнамызға берген сұхбатында саланың дамуын жеке кәсіп иелерінің білімін кәдеге жаратудан көретінін айтады. Ол шағын және орта бизнесті қолдау, тауарларды оқшаулау үшін стратегия әзірлеудің қажеттігін алға тарттады. Импортты алмастыру жағы да тиімді болуы тиіс деп санайды. Мәселен логистиканың жол машақаты алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалайтын төл өнімдердің өндірісін ынталандырады дейді.
Жұмабек Жанықұлов, Кәсіпкер:
- Белгілі бір тауарларды импорттаумен айналысатын адам
немесе компания өнімді қайда, қандай түрде, қандай сапада және қанша көлемде
сата алатынын біледі. Мен ойымды тағы да қайталап айтамын, қазір 1 млрд
теңгеден асатын кез келген өнімді жыл сайын өткізе алатын әрбір кәсіпкер өз
жобасын мемлекеттің көмегімен жүзеге асыра алса игі болар еді. Мәселен мемлекет
жобға қамқорлық танытса, оның тиімділігі арта түседі деп санаймын. Себебі
кәсіпкер қолдау тапқан жобасын одан әрі дамытады. Жалғыз өзі тәуекелге
баратындар аз. Тек сәл демеу қажет.
Спикер атап өткендей, жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвестициялар ағынын арттыру қажет. Сырттан қаржы тарту ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосады.
Жұмабек Жанықұлов, Кәсіпкер:
- Бизнесмендер тек біздің ғана емес жалпы кез келген елдің орта және жоғары буыны саналады. Іскер азаматтар қызмет бабымен түрлі елдерге барып, әлемді кезеді. Өздері қатысқан әр түрлі тақырыптардағы конференциялар мен көрмелер сияқты кез-келген жиындарда өзге елдің азаматтарымен жолығады, тілдеседі. Әңгіме барысында Қазақстанның әлеуеті жайында сөз қозғалып, жеке кәсіпке қатысты нақты оқиғалар айтылады. Бұл маңызды. Себебі инвесторларға өзі сынды кәсіпкерлердің кәсіби пікірі мен сыни көзқарасы қажет. Яғни, Қазақстанның іскерлік ахуалын насихаттайтын бизнес дипломатияны дамыту керек.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

