Қазақстан мен АҚШ археологтары бірегей жобаны іске асырады

Қола дәуірінде көшпенділердің азығы қандай болды? Бөкетов атындағы Қарағанды қаласы университеті Мичигандық әріптестерімен осы сұраққа жауап іздемек. Қазақстандық және америкалық археологтар бірегей жобаны жүзеге асыруға әзірленіп жатыр. Бірлескен бастама сол кезеңде өмір сүрген адамдардың немен қоректенгенін зерттеуге бағытталмақ. Ғалымдар адамдар мен жануарлардың сүйектерін, әсіресе тіс тастарын зерттеуді жоспарлап отыр. Бұл үшін олар заманауи технологияларды пайдаланады. Соның нәтижесіне сүйеніп, қола дәуіріндегі адамдардың азығы туралы мәлімет алуға ниетті. Ғалымдардың пікірінше, бұл адамзаттың қазіргі азық-түлік қауіптері туралы білуіне көмектеседі.

Алексей Кукушкин, Е.А. Бөкетов Атындағы Қарағанды университетінің Сарыарқа археологиялық институтының директоры:

– Биыл наурыз айында жоба бойынша бізге шетелдік әріптестеріміздің тарапынан ұсыныс түсті. Біз олармен тек хат алмасып отырдық. Мамыр айында делегация келді. Оларға коллекциямызды көрсетіп, зертханамыздың жұмысын таныстырдық. Оған қоса, жобаға қажет сүйек материалын санайтын қойманы да көрсеттік. Енді қараша айында әріптестеріміз екінші рет келеді деп күтіп отырмыз. Ол кезде жобаға керек үлгілер іріктеліп алынып, Мичиган университетінің зертханаларында тыңғылықты зерттеледі.