Қазақстандық әлемге әйгілі «Mortal kombat» ойнының суретші-амбассадоры атанды

Қазақстандық әуесқой суретшінің бірегей өнері Warner Bros. Games-тің көзіне ілікті. Алпауыт компания былтыр Қанат Нұртазинге Mortal Kombat ойынының жарнамалық науқанына қатысуды ұсынды. Қазір отандасымыз бұл жаһандық жобаның әлем бойынша 17-суретші-амбассадорларының бірі атанып отыр. Отандасымыз жапырақ бетіне ойып сурет салу арқылы қайталанбас өнер туындыларын жасайды. Ол Қазақстанда «карвинг» деп аталатын  осы өнер түрімен айналысып жүрген өзінен басқа жанды кездестірмегенін айтады.

Қанат Нұртазин, әуесқой суретші:
-
Mortal Kombat кейіпкерлеріне қатысты алғашқы жұмысым «сарышаян», екіншісінде «Джейттің» бейнесін салдым. Кейінгі   үшінші жұмысымды еркін мәнерде жасауым керек болды, онда қандайда бір талаптар қойылған жоқ. Келіссөздер жүргізу барысында маған ой келді. Олар маған басты роликті көрсетті. Онда ойынның бас кейіпкері Люканг Mortal Kombat-тың белгісін қимылмен бейнеледі. Мен сол сәтті жапырақ бетіне түсіріп жібердім.

Бұл қазақстандық дарын иесінің ерекше жұмыстары көңілін жаулаған жалғыз халықаралық компания емес. Ол бұған дейінде әйгілі Disney, Nickelodeon, Nick Junior, Peppa Pig-пен жұмыс жасап үлгерген. Бір қызығы Қанаттың бұл  салада арнайы білімі жоқ. Туа біткен талант. Шетелде IT мамандығын меңгерген ол әуестігін негізгі кәсібімен қатар алып жүр.

Қанат Нұртазин, әуесқой суретші:
-
Жақында БАӘ жұмыс сапарымен барамын. Қазір сол елдің туризм министрлігімен келіссөздер жүргізіп жатырмын. Егер бәрі ойдағыда өтсе оларменде бірлескен жобалары жасауым мүмкін. Өз жұмыстарым арқылы саяхатап барған әрбір мемлекеттің қаһармандары мен оқиғаларына өзіміздің қазақстандық кейіпкерлер мен ұлттық ою-өрнектерімізді кірістіремін Яғни, мен осылайша сол мемлекет пен өзіміздің тарихымызды біріктіріп, жергілікті және біздің қауымға жақын әрі түсінікті етіп жасауға тырысамын.  

Жапырақпен жұмыс жасау дарын иесінің шығармашылық қорындағы жалғыз құралы емес. Айналадағы қарапайым заттардан шабыт алатын сегіз қырлы бір сырлы жерлесіміз «Сурет салудың 100 тәсілі» арт жобасының авторы. Бүгінде түрлі материалдар арқылы бейнелеу өнерінің 80 тарта әдісін меңгерген.  Еркін идеяны негіз етіп гипс, қағаз, жіп, шеге, тіпті азық-түлік, жеміс жидек сынды сан түрлі затты кәдеге жаратып дүниеге мыңға жуық туынды әкелді.