Қарағандының академиялық музыкалық комедия театры «Астана Опера» сахнасында 6 үздік қойылымын елордалық көрермен назарына ұсынды. Олар – балаларға арналған «Самұрық сиқырлы құсы», «Кішкентай мук» және «Сиқырлы гүл» спектакльдері. Кальманның «Сильва», Штраустың «Вальс королі» оперетталары мен Колкердің «Труффальдино» мюзиклі де талғампаз көрермен көңілінен шықты. Жалпы театр бағдарламасы жарқын әрі өте ауқымдылығымен ерекшеленеді.
Амантай Ибраев, Қарағанды қаласының академиялық музыкалық комедия театрының жетекшісі:
- Бұл спектакльдер біздің театрымыздың бет-бейнесін толық көрсету мақсатында таңдап алынды. Сондай-ақ осы қойылымдар арқылы театрымыздың, солистеріміздің, балет артистері мен оркестріміздің мүмкіндіктерін толық ашып көрсете аламыз
Николай Макаревич, шақырылған дирижёр /Беларусь/:
- Мен «Самұрық» ертегісінен басқа Қарағанды театры гастрольдік афишада мәлімдеген барлық қойылымда дирижёрлік ететін боламын. Еуропалық театрларда, Вена операсында болдым. Бірақ дәл осы театрда көрген дүнием таңғалдырды. Бәлкім мен әлі америкалық театрларды көрмеген шығармын, сондықтан толыққанды салыстыруға аналогым жоқ болар, десек те бұл – керемет театр.
Қарағанды театрының репертуарында 280-нен астам қойылым барын айта кеткен жөн. Олардың қатарында әлемдік классикалық опереттаның інжу-маржандары, сондай-ақ заманауи спектакльдер бар. Театр режиссёрлері түрлі музыкалық жанрларда тәжірибе жасай отырып, мюзиклдер, жеке концерттер қояды. Алдағы күндері қарағандылық театр Нижний Новгород, Шымкент және Алматыға гастрольдік сапармен барады.