Елордада кеңейтілген құрамда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысушылар одаққа мүше мемлекеттер арасында экономикалық ынтымақтастық және өзара сауданы кеңейту жөнінде 15 мәселені көтерді. Жиналғандар бірыңғай кеңістік шеңберіндегі кедергілерді қалай жоюға және экономиканың жекелеген салаларындағы интеграциялық әлеуетке қалай ықпал етуге болатыны туралы айтты. Талқыланған маңызды мәселелердің бірі – тауарларды қадағалау тетігі туралы келісімді іске асыру барысы. Сондай-ақ серіктес елдердің мемлекеттік сатып алуларға қол жетімділігі қарастырылды. Қатысушылар бұл орайда бірауыздан кедендік бақылаудан бастап санитарлық, ветеринарлық және басқа да негізсіз шектеудің барлығы жеңіл болуы тиіс дегенді айтады. Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, көлік инфрақұрылымына, оның ішінде теңіз порттарына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Өзара сауданы ұлғайту үшін міндетті талаптардың бірі – ішкі нарықта кедергісіз орта құру. Жылдан жылға әріптестердің нарыққа қол жеткізуін шектеуге байланысты мәселелердің басым бөлігі өз шешімін таппайтынын атап өтуге мәжбүрмін. Егер де ЕЭО аумағында ашық нарық құруға мүдделі болсақ, базалық жетілуімізді шешуіміз қажет. Комиссияға қолданылатын кедергілерді экономикалық бағалау әдістемесін әзірлеуді ұсынамыз. Экспортты ұлғайту және оны ынталандыру жөнінде шаралар қабылдау басым міндет болып табылады.
Айта кетейік, одақ елдерінің Үкімет басшылары «Еуразиялық агроэкспресс» жобасын мақұлдады. Ол жеделдетілген теміржол және мультимодальдық тасымалдарды іске қосуға бағытталған. Басты міндет – ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түліктің өзара жеткізілімдері мен экспортының көлемін ұлғайту. Бірінші кезеңде одақ аумағынан тыс жерлерге тұрақты жөнелтулер Қытай мен Өзбекстанға екі бағыт бойынша ұйымдастырылатын болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов