Қазақстанның 75 әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия берілді. Оны Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Асанәлі Әшімов, Ілия Жақанов, Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжан, Төлен Әбдік сынды өнер майталмандарына табыс етті. Сонымен қатар, жас дарындарға да мемлекеттік қолдау көрсетілді. Ерекше құрметке бөленгендер қатарында Канн халықаралық фестивалінің лауреаты Самал Есләмова мен балерина Татьяна Тен, опера солисі Мақсат Саматов бар. Еске салайық, жыл сайын тағайындалатын бұл стипендия – мемлекеттің өнер қайраткерлеріне қолдауы мен қамқорлығының айғағы. Сондай-ақ, олардың ұлт мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан елеулі үлесіне көрсетілген құрмет. Ол тың идеялар мен жобалардың іске асуына септігін тигізеді.
Төлен Әбдік, Қазақстанның халық жазушысы:
- Өнер деген нәрсе бұл адамдарды тәрбиелейтін нәрсе. Адамдардың адамгершілік санасын, кісілік қасиетін насихаттайтын нәрсе. Сондықтан да бұл халыққа керек. Халықтың байлығы заводтың продукциясымен өлшенбейді. Рухани байлық деген болады.
Татьяна Тен, «Астана балет» театрының жетекші солисі:
- Мен үшін Қазақстанның мәдениетін дамытуға баға жетпес үлес қосқан
көрнекті тұлғалардың арасында болу үлкен мәртебе. Бұл жоғары марапат өнерімді
одан әрі дамытуға серпін береді. Яғни, қол жеткізген жетістіктеріммен тоқталып
қалмау керек. Ең бастысы қазақстандық мәдениеттің дамуына сүбелі үлесім тисе деймін.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

