Қазақстандық компаниялар Екатеринбургте өткен «Иннопром» өнеркәсіптік
көрмесінде өз өнімдерін ұсынды. Жалпы ауданы 900 шаршы метрді құраған
еліміздің павильонында өнеркәсіптің түрлі салаларында жетекші 250 отандық компания
орналасты. Мыңға жуық адамнан құралған қазақстандық делегация қатысты. Жалпы
халықаралық көрмеде Армения, Беларусь, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан
және Өзбекстан ұлттық экспозицияларын ұсынды. Ал Бахрейн, Мысыр, Үндістан,
Иран, БАӘ, Сербия, Түркия сынды елдердің ресми және бизнес-делегациялары қатысты.
Көрме әдеттегідей металл өңдеу, көлік машинасын жасау, энергетика,
автоматтандыру және робототехника, цифрлық өндіріске бағытталған. Еліміздің Премьер-Министрі
Ресейдің Екатеринбург қаласына жұмыс сапары аясында көрмені аралап, іс-шараның «Тұрақты
өндіріс. Жаңарту стратегиялары» атты негізгі стратегиялық сессиясына
қатысты. Әлихан Смайылов өз сөзінде «Иннопром екі ел арасындағы
өнеркәсіптік кооперацияны нығайту және жаңа бірлескен бастамаларды іске асыру
үшін дәстүрлі шараға айналғанын ерекше атап өтті. Бұл ретте әріптестік аясын
кеңейтіп жаңа бастамаларды қолға алуға отандық компаниялар дайын екенін
жеткізді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Өңдеу өнеркәсібіндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының оң қарқынын
ерекше атап өткім келеді. 2019 жылдан бері екі ел өндірістік кооперация бойынша
бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Өткен көрмеге
Қазақстан серіктес ел ретінде қатысты. Бүгінде біздің бірлескен жобалар
пулымыздың жалпы инвестиция көлемі 33 млрд доллардан асатын 125 жобаға дейін
кеңейтілді. Оның ішінде жалпы құны 3,2 млрд долларды құрайтын 30 жобаны жүзеге
асырдық. . Сонымен қатар шамамен жалпы құны 17 млрд долларды құрайтын
тағы 40 бірлескен жоба жүзеге асырылуда және 14 млрд доллар болатын 55 жоба
пысықтау сатысында.