Қазақстандағы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының штаты 4 есе ұлғаяды.
Елде бұл саланың қызметкерлер санын 300-ден 1 360-қа дейін жеткізу көзделіп
отыр. Осылайша, кәмелетке толмаған 5 мың қазақстандыққа кем дегенде бір маман бекітіледі.
Бұл жөнінде Білім және ғылым министрлігінің бейінді комитеті мәлімдеді.
Сарапшылардың сөзінше, Қазақстан балалардың құқықтарын қорғау саласындағы озық халықаралық
тәжірибелерді белсенді түрде енгізіп келеді. Өскелең ұрпақтың құқықтары мен
мүдделерін қорғап, әлеуметтік қолдау үшін елімізде бірқатар мамандандырылған
орталық жұмыс істейді. Жалпы жүйені реформалау шеңберінде қамқоршылық
органдарының мамандары үшін заманауи әдістеме бойынша оқыту семинар-тренингтер легі
іске қосылды. Бұл жолы Астанаға 160-тан астам қызметкер жиналды. Үш күн бойы
Мақсұт Нәрікбаев университетінде шұғыл әрекет ету, баланың мүддесін қорғау,
сондай-ақ, салаға сандық шешімдер мен құралдарды енгізу мәселелері талқыланады.
Рашед Мустафа Сарвар,
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі:
- Біз қазір әкімдіктер
жанынан балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық және аудандық
департаменттердің құрылғанын құптаймыз. Бұл - барлық индикаторларды, балалардың
құқықтарын қорғау үшін мемлекеттің барлық міндеттемелерін орындауға тың серпін
беретін өте маңызды қадам. Сіздердің елдеріңізде тың жобалар қолға алынып жатыр.
Қазақстан осы бағытта Орталық Азия елдерінде көшбасшы.
Насымжан Оспанова, ҚР
Білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы:
- Елімізде халықтың
үштен бірі балалар. Олардың білім алуына, денсаулығына, әлеуметтік қолдауына
және толыққанды отбасына жағдай жасауымыз керек. Барлық мемлекеттік органдар
жан-жақты қолдау көрсетуі қажет. Біз «5 мың балаға - бір қамқоршы» халықаралық
стандартына жақындап қалдық. Бұл балалардың құқықтарын қорғау мәселесінде өте
маңызды қадам.
Авторы: Жеңіс
Ермұқанов

