Қазақтың
этникалық музыкасында халықтың рухы мен қуаты бар. Оның қайталанбас әуені француз
диджейі Филиппке ерекше әсер еткені сонша, ол енді оның элементтерін болашақ
тректері үшін пайдаланбақ. Астанада тұрып келе жатқанына 1 жыл болды. Мұнда ол Францияның
Қазақстандағы елшілігінде қызмет атқарады. Бірнеше елде қызмет атқарған ол, әр
халықтың ұлттық музыкасын өзінің заманауи тректерімен үйлестіріп келеді.
Филипп Санд, диджей:
- Менің ойымша
соңғы уақытта этникалық музыканың танымалдылығы артып келе жатыр. Қайта
жаңғырды деуге болады. Адамдар электрохаус пен техноны көп тыңдаған. Ал, соның
жаңа әуенін трайблдан алуға болады. Трайблдың көп кездесетін жерлері – Оңтүстік
Америка, Африка мен Орта Азия. Осы дүние бөліктерінде көптеген аспаптар бар. Біз продюсер
ретінде осы аспапты тауып, оның әуені мен нақышын жұртшылыққа ұсынғымыз келеді.
Сондықтан қазақ аспаптарын өз тректерімде қолдану – менің басты арманым.
Қазақ
музыкасынан өзге ол ұлттық тағамдарынан да дәм татып көрген. Тіпті қазақтың қара домбырасында да
ойнаған. Қазақ халқымен, оның дәстүрімен және мәдениетімен етене танысу үшін
алдағы уақытта еліміздің оңтүстігі мен батысында баруды жоспарлап отыр.
Филипп Санд, диджей:
- Бұл екіжақты
алмасу. Электронды музыкаға Еуропаның лебін әкелгім келеді. Әзірге қазақ
мәдениетін әлі толық зерттеп үлгермедім. Тағы кішкене уақыт керек. Қазір мен
қазақстандық бір әншімен бірлескен жобаны бастадық. Ол мейнстримді ән болады. Ол
өзі маған ұсыныс жасады. Мен қуана келістім.
Франциялық қонақтың ауқымды жоспарлары мұнымен шектелмейді. Ол «Астана опера» театрымен бірлесе жұмыс істейді. Ал, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай өзінің бағдарламасын Астана тұрғындары мен қонақтарына ұсынбақ. Қысқы демалыста отанында өнер көрсетуді жоспарлап отыр.