Қазақстандағы энергия бағасы әлемдегі ең төмендердің қатарында. Сарапшы пікірі

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің аумағында бірыңғай мұнай-газ нарығын құру – қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшы Олжас Байділдинов осындай пікірде. Оның айтуынша, Кедендік одақ аясында шикізат өткізу бойынша бірлескен желінің ашылуы саланың дамуына тың серпін береді. Бұл, ең алдымен, отандық компанияларға тиімді болмақ, яғни өнімдерін тек Қазақстан ішінде ғана емес, шетелге де шығаруға мүмкіндік алады. «Әрине, мұндай өзгеріс шикізат құнының өсуіне әкеледі», - дейді сарапшы. Әзірге елдегі энергия бағасы әлемдегі ең төмендердің қатарында. Бұл республиканың мұнай-газ секторларының инвестициялық тартымдылығына кері әсерін тигізуде.

Олжас Байділдинов, сарапшы:

– Бұл тек Еуразиялық экономикалық одақ емес, әлемнің барлық елі мемлекет тарапынан субсидияланбайтын осындай бағаға көшуі керек деген дүниежүзілік сауда ұйымының талабы. Себебі энергия ресурстарының және басқа да шикізат көздерінің бағалары субсидияланатын болса, онда бәсекелестік үшін тең емес жағдай жасалады. Яғни, басқаша айтқанда, Қазақстанда өндірілген өнім Еуропада өндірілген өніммен бәсекелесе алмайды, өйткені кәрі құрлықта энергия тасымалдаушылар бағасы біршама қымбат.

Айта кетейік, бүгінде еуразиялық  экономикалық одақ елдері біртұтас газ нарығын қалыптастырып жатыр. Оны құру туралы  келісім 2025 жылдың басына дейін күшіне енуі тиіс. Құжаттың кейбір  тұстары әлі  де талқылануда.