Қазақстан көптеген шетелдік компаниялардың релокация орталығына айналуда. Көбіне кәсіпкерлер, оның ішінде айти, инвест және қаржы ұйымдарының негізін қалаушылар Бас шаһар мен Алматы қалаларын бизнесті жүргізуге қолайлы мекен ретінде таңдайды. Елорда мысалы, шетелдік кәсіпкерлер үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының орналасуымен тартымды. Оның құрамына қазіргі таңда әлемнің 65 елінен келген бір жарым мыңнан астам компания тіркелген. Солардың бірі - швейцариялық инвестицияларды басқару компаниясы. Оның негізін қалаушы Глеб Штрайбтың айтуынша, Қазақстанда бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Нақтыласақ, дамыған қаржы кластері, банк инфрақұрылымына ашық қолжетімділік, сауатты қызметкерлер пулының болуы, жалпы кез келген өнімді нарықта дамыту және оны алғы ілгерілету үшін үлкен әлеует бар, дейді ол.
Глеб Штрайб, Швейцариялық инвестициялық компанияның негізін қалаушы:
– Мұнда Қаржы орталығы бар, ал жолдың арғы бетінде айти хаб орналасқан. Бастапқыда біз мұнда Қаржы компаниясымен келдік, компания Швейцарияда орналасқан, ол инвестициялар бойынша кеңес берумен айналысады. Компанияларға, жеке тұлғаларға да қаржы нарықтарында табыс табуға, облигациялар, акциялар сияқты активтерге қаржы салуға көмектеседі. Еуропада кең таралған бұл қызмет түрі, бүгінде Қазақстанда да қарқын алуда. Қаржылық сауаттылық өсіп келеді, ал бұл біз үшін өте маңызды. Себебі қызметтерімізді ұсынып қана қоймай, сонымен бірге осы жерде нарықты дамыта алатынымызды білу маңызды болды.