Қазақстандағы ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталуға жақын

Қазақстандағы ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталуға жақын

Қазақстанда жол инфрақұрылымының аса ірі нысандарының бірі аяқталуға жақын. Бұл елдегі ең ұзын көпір болмақ. Қазақстан Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында осылай деп жазды. 

Еске салайық, көпір еліміздің шығысында салынып жатыр. Жаңа құрылыс тек Бұқтырма су қоймасының қос жағалауын ғана емес, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының арасын жалғайтын стратегиялық нысанға айналмақ. Яғни өзара қатынау реттеледі. Бұрындары бірнеше сағат кететін арақашықтық енді санаулы миннуттарда бағындырылады. Бұл көпір жергілікті тұрғындар көптен күткен тарихи оқиға. Мемлекет басшысының бастамасымен және Үкіметтің қолдауымен жүзеге асып жатқан нысанның маңызы жоғары. 

Сарапшылардың пайымынша, инженерлік құрылыс мультипликативті әсер береді. Ең алдымен өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына тың серпін қоспақ. 

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

– Жалпы ұзындығы 1316 метр. Яғни, елдегі ең ұзын көпір. Онда 21 тірек, 20 аралық бар. Сондықтан ірі әрі қауіпсіз қатынау жолы болмақ. Жол қозғалысы алдағы қазан айының 20-25 күндері ашылады. Көпірді үстіміздегі жыл соңына қарай толық пайдалануға беру жоспарланған. Бұл стратегиялық маңызға ие нысан Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының арасын байланыстырады.