Қазақстандағы балық шаруашылығының әлеуеті артады

Еліміздің су айдындарында жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болады. Бұл жоспарды іске асыру үшін 20-30 жыл уақыт керек. Болжам бойынша, әлеуеттің 45%-на алдағы 10 жылда қол жеткізіледі. Үкіметте балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі салалық бағдарламасы таныстырылды.

МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

- Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға қарай жылына шамамен 270 мың тонна тауарлы балық өсіру жоспарланып отыр. Жоспарға сәйкес, 545 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылып, жұмыс істеп тұрған 323 шаруашылық толық жобалық қуатына шығады.

Балық шаруашылығын табысты түрде дамыту үшін 10 жыл ішінде 345 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Ең бастысы бағдарлама шетелдік импортты отандық өнімге алмастыруды көздейді. Сырттан келетін шабақтарға деген тәуелділікке нүкте қою қамында елде балық питомниктері ашылады. Премьер-Министр экология министрлігінің ұсыныстарын барынша қолдайтынын жеткізді.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

- Балық өнімінің экспорты қазір 30 тонна болса, 2030 жылға қарай ол жылына 136 тоннаға дейін өседі деген болжам бар. Демек өндірісті ұлғайту импортты 45 тоннадан жылына 25 тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Балықты ішкі тұтыну екі есе ұлғаяды. Бұдан басқа, балық саласын дамыту 50 мыңға дейін жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар.

Нәтижесінде елімізде жыл сайынғы балық өсіру көлемі отыз есеге артатын  болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов