Вирустарды жоюдың жолы бар. Алматылық жас ғалым Диас Тастанбеков ауа тазартатын жаңа құрылғыны ойлап тапты. Ол COVID-19-дың, басқа да түрлі вирустардың ДНҚ-сын жоюға қабілетті. Бұл сүзгінің басты ерекшелігі: оған жеті түрлі тазалау деңгейі орнатылған және ластаушы заттарды жинамайды. Құрылғыны тек тұрғын үйде ғана емес, кеңседе және қоғамдық көліктерде пайдалануға болады.
Диас Тастанбеков, жас ғалым:
– Бірінші фильтр ірі бөлшектерді ұстап қалады, бұл түрлі түйіршіктер, шаң, жәндіктер болуы мүмкін. Келесі «хеппа» сүзгісі деп аталады. Ол ұсақ бөлшектерге кедергі. Одан кейін белсендірілген көмір қабаты. Әрі қарай титан оксиді катализаторы. Вирусты мүмкіндігінше ұзақ ұстап тұрып, ультракүлгін сәуле әсеріне барынша көп ұшырататын сақтау жүйелері бар. Дәл осы сәулелер катализатормен бірге зиянды заттарды зиянсыз заттарға айналдыруға көмектеседі.
Айта кетейік, ғалым осы бірегей сүзгінің өндірісін жолға қойып үлгерген. Өнім ел ішінде танылып та қойды. Алдағы уақытта шетелде таныстыру жоспары бар.