Оңтүстік Кореяның екінші ірі қаласы – Пусанда Қазақстанның Бас консулдығы ашылды. Енді Таңғы шық елінде тұратын қандастарымызға төлқұжатын ауыстыру, некені тіркеу немесе баланың туу туралы куәлігін алу үшін Сеулге дейін 300 шақырымнан астам жол жүрудің қажеті жоқ. Мегаполис билігі бұл – екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастықты жақсартатынына сенімді.
Пак Ын Ха, Пусан қаласының халықаралық қатынастар жөніндегі елшісі:
– Қазақстанда Kей-поп және жалпы корей мәдениеті танымал екенін білеміз. Пусан –туризм және кино орталығы. Сондықтан туризм саласындағы ынтымақтастығымыздың нығая түсетініне сенімдімін.
Чон Чжон Пхиль, Пусан қаласының халықаралық ынтымақтастык қорының Бас хатшысы:
– 24-26 маусым аралығында біздің қор Қазақстан Елшілігімен бірлесіп, Пусан қаласында алғаш рет қазақ фильмдерінің кинофестивалін ұйымдастырады. Сонымен қатар Еуразия қалаларының форумына дайындық жүріп жатыр. Бұл форум Орталық Азия елдерімен тығыз байланыс орнатуға арналады.
Пусан – Кореяның екінші ірі қаласы, ал жергілікті теңіз айлағы әлемдегі ең үлкен бес порттың қатарына кіреді. Пусаннан Қазақстанға автобөлшектер мен мотор майлары тасымалданады. Ал елімізден осы теңіз порты арқылы мұнай мен уран келеді.
Бақыт Дүйсенбаев, Қазақстанның Корея Республикасындағы елшісі:
– 2021 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің сауда мөлшері 3 миллиард 200 миллион долларға жетті. Ал осы жылдың 3 айының нәтижесінде екі жақты сауда көлемі 1 миллиард 200 миллион долларды еңсерді.
Қазақстанға инвесторлардың қызығушылығы айтарлықтай өсті. Бүгінгі таңда көптеген корей компаниялары өз өндіріс ошақтарын елімізге көшіру жолдарын қарастырып жатыр. Іскерлік ұсыныс көп. Сондықтан инвестиция тарту үшін Пусанда Қазақстан ұлттық компаниясының өкілдігін ашу туралы шешім қабылданды. Ол Бас консулдық ғимаратында орналасады.
Айгүл Нуралина, инвестицияларды тарту жөніндегі ұлттық компания өкілі:
– Литий, кобальт, никель сияқты сирек жер металдарды өндіруге, сонымен қатар оны өңдеуді дамытуға мүдделі. Тағы бір айта кетерлігі, мысалы, электр кабельдерін өндіруге қызығушылық бар. Мұндай өнімдердің өте үлкен көлемі экспортталады, дәлірек айтсақ, Кореядан Қазақстан мен ТМД елдеріне импортталады. Ендігі кезекте дәл осындай өндірісті құруға немесе Қазақстандағы бар өндіріс орындарын жаңғыртуға үлкен мүмкіндік бар.