Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі дұға жасау үшін бір минуттық үнсіздіктен басталды. Сондан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» атты пленарлық отырысты ашты. Президент өз сөзінде жаһандағы ең беделді рухани көшбасшылардың басын қосып, диалог құру Қазақстан үшін зор мәртебе екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Құрметті дінбасылар, қадірлі меймандар, ханымдар мен мырзалар! Қонақжай қазақ жеріне қош келдіңіздер! Әлемдегі ең беделді рухани көшбасшылардың басын қосып, диалог құру біз үшін зор мәртебе. Біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстанға келгендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын. Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар.
Қазақстан басшысы елімізде саналуан ұлт пен дін өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруін баға жетпес байлық әрі мызғымас басымдық деп санайтынын жеткізді. Ал «съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса өзекті. Осы съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында», - деді Президент.